Алматы облысында лашықта тұрып жатқан отбасыға көмек көрсетіледі

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысының Жамбыл ауданының Қайназар ауылында лашықта тұрып жатқан отбасыға әкімдік жан-жақты көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында лашықта тұрып жатқан отбасыға көмек көрсетіледі

Жамбыл ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жарығы тартылмаған лашықты пана еткен отбасыға әкімдік жан-жақты көмек көрсетіп, жалға пәтер алып бермек.

«Өзбекстан Республикасынан 2001 жылы көшіп келген Құндыз Қуанышбаева мен Қайрат Пауенов 7, 5, 3,1 жастағы балаларымен ата-аналарының үйінде тұрып жатқан. Балалардың анасы қалалық ауруханада еден жуады, ал әкесі уақытша жұмыссыз. Отбасы ай сайын 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек, 69 мың теңге мүгедек жәрдемақысын алады. Жалпы отбасының айлық кірісі 235 мың теңгені құрайды. Осыдан екі ай бұрын несие алып, 450 мың теңгеге жер телімін сатып алып, үй құрылысын бастаған еді. Қазір қабырғасын тұрғызып, шатырын жабу жұмысына жүргізіліп жатыр. Үй салып жатқан жерден 100 метр қашықтықта жас отбасының әке-шешесі зәулім үйде тұрады. Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын олар сол үйде тұрған», - делінген аталған ведомствоның таратқан ақпаратында.

Бүгін таңғы сағат 9:00-де аудан әкімшілігінен арнайы құрылған топ, Қарасу ауылдық округінің әкімі Асхат Өтеповпен бірге аталған отбасына барып жағдайды біліп қайтты. Жас отбасының өтініші бойынша отағасы Қайрат Пауеновқа жұмыс тауып беру және үйдің құрылыс жұмысына материалдық көмек көрсетуге ауыл әкімі уәде берген.

Айта кетейік, көпбалалы отбасының жұпыны тұрмысы әлеуметтік желіге жарияланған болатын.