Алматы облысында мал ұрлаған 8 адамға үкім шықты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы Кербұлақ ауданының №2 аудандық сотында сегіз айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушылар  бес жыл бойы Кербұлақ аумағында мал ұрлап келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында мал ұрлаған 8 адамға үкім шықты

Істің материалдары бойынша, сотталушылар 10 эпизод бойынша ұрлық жасап, жәбірленушілерге жалпы құны 3 245 000 теңге залал келтірген.

Аталған қылмыстық іс бойынша процестік прокурор мен сотталушылар арасында кінәні мойындау және материалдық шығынды өтеу туралы мәміле түріндегі келісім жасалған.

Сот үкімімен сотталушылар ҚК 188-бабының 3 бөлігімен, 188-бабы 2- бөлігінің 1, 2 тармақтарымен кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 63-бабының негізінде бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.