Алматы облысында мас жүргізуші санитарлық бекеттен өтпек болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған және мас күйінде көлік жүргізген жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында мас жүргізуші санитарлық бекеттен өтпек болды

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері 21 сәуір күні сағат 00.50 шамасында Іле ауданы Байсерке ауылындағы санитарлық бекеттен «Тойота Ланд Крузер» маркалы автокөлігін тізгіндеген 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстаған.

Ол 2019 жылы 18 қаңтарда автокөлікті мас күйінде машина айдағаны үшін үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Аталған дерек негізінде ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері құқық қорғау органдары бұрын көлік жүргізу құқығынан айырыла тұра, көлікті мас күйінде жүргізген 38 жүргізушіні анықтаған. Аталған құқық бұзушылардың барлығы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған соң қылмыстық жауапкершілікке тартылды.