Алматы облысында мемлекеттік жекеменшік əріптестік негізінде 208 балабақша жұмыс істейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облыста мемлекеттік жекеменшік əріптестік негізінде 208 балабақша жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен өтіп жатқан ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа отырысында Алматы облысы əкімінің орынбасары Алтай Өнербаев мəлім етті.
«Соңғы бес жылда Елбасының «Балапан» бағдарламасының аясында облысымызда 528 балабақша ашылды. Бұрын жекешелендіріліп кеткен 76 балабақша қайта коммуналдық меншікке қайтарылды. Қазір облыс бойынша бүлдіршіндерді балабақшамен қамту деңгейі 73 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті 2019-2020 жылдарға дейін 100 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Дегенмен, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту - өзекті мəселелердің бірі болып отыр.
Міне, осындай күрделі жайттың оңтайлы шешімін табуда өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтсем. Облыста мемлекеттік жекеменшік əріптестік негізінде 208 балабақша жұмыс істейді. 2015 жылдың өзінде 88 балабақша серіктестік арқылы ашылды. Осы ретте айта кетейін, Жамбыл ауданында əлем чемпионы, спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров ағамыз осы əлеуметтік əріптестік арқылы өз қаражатына 100 орындық балабақша ашты. Қасына спорт кешенін салып берді жəне əлеуметтік үй салып берді»,-деді А.Өнербаев.