Алматы облысында менингококк инфекциясы бойынша ахуал қандай

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ менингококк инфекциясы бойынша өңірдегі ахуал туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында менингококк инфекциясы бойынша ахуал қандай

Басқарма басшысы Талғар ауданында менингиттен қайтыс болған 19 жастағы қыз дәрігерлерге уақытында жүгінбегенін алға тартады. Науқас сырқаты қатты асқынған сәтінде Талғар аудандық ауруханасына келген. «Мамандар бірден бойжеткенді Қаскелең қаласындағы инфекциялық ауруханаға жеткізген», - дейді өңірдің бас дәрігері. 

Жалпы Алматы облысында дәрігерлер 3 адамды бұл індеттен аман алып қалған. Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына бір үйдің 2, 9 және 11 жастағы балалары бір уақытта түскен. Қазір олармен қарым-қатынаста болған 56 адам анықталып, бақылауға алынған. Сондай-ақ тағы бір 24 жастағы Талдықорған тұрғынына менингит диагнозы қойылып, ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр.

«Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Өңірде жұқпалы ауруларға 595 орын қарастырылған. Жедел жәрдем бекеттері қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Тұрғындарды ақпараттандыру мәселесі күшейтілген.

Айта кету керек, аталған індеттен Алматы облысында үш адам көз жұмды.