Алматы облысында «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы өтті
Ауылдық жердегі мектептерге арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының екінші кезеңі мәресіне жетті. Білім сайысы 21-22 тамыз аралығында өтті.
Олимпиаданың негізгі ұйымдастырушылары - «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры.
Жоба Тұңғыш Президент - Елбасы қоры мен «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының «Ел үміті» талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі бастамасы аясында іске асырылуда.
Аталған додаға республика бойынша 5 мың бала, соның ішінде Алматы облысынан 812 жас дарын қатысты. Білім бәсекесінде оқушылардың функционалдық сауаттылық және абстрактілі-логикалық ойлау дағдылары сыналды.
Бірінші кезең сырттай өтіп, оқушылардың математика, жаратылыстану, информатика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәндері бойынша білімдері бағаланды.
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 92 білімгер, Алматы қаласындағы физика-математикалық Назарбаев Зияткерлік мектебінің және химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында 473 оқушы сынақ тапсырды. Зияткерлік сайыс барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілді.
Шалғай аудандардағы білім мекемелерінде мәселен, Ақсу ауданы, Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясы, Жансүгір ауылы; Алакөл ауданы, Үшарал орта мектеп-гимназиясы, Үшарал қаласы; Балқаш ауданы, Б. Бейсекбаев атындағы орта мектеп, Бақанас ауылы; Кеген ауданы, №1 Кеген орта мектебі, Кеген ауылы; Панфилов ауданы, Алтынсарин орта мектебі, Жаркент қаласы; Ұйғыр ауданы, №4 Шонжы орта мектебі, Шонжы ауылында арнайы тестілеу пункттері қызмет еткен. Осы арқылы жалпы саны 247 оқушы зияткерлік сайыста төбе көрсетті.
Айта кетейік, олимпиада қорытындысы бойынша, 5 және 6 сыныптарды бітірген 1 мың жеңімпаз оқушы өз білімдерін «Білім-инновация лицейі», Республикалық физика-математика мектебі және «Дарын» сияқты дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде жалғастыра алады.
Олимпиадада жеңімпаз атанған республика бойынша 1 мың оқушының тізімі www.fnn.kz сайтында екінші кезең өткен соң, 14 күнде жарияланады. Дәл осы сайтта олимпиада жеңімпаздары дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің біріне өтініш бере алады.