Алматы облысында нотариус судьяға параға берілген ақшаны иемденіп кеткен
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында жекеменшік нотариус азаматтан судьяға берілетін пара ретінде алынған 5 млн теңгені иемденіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорылыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Талдықорған қаласының жеке нотариусына сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен сотқа дейінгі іс жүргізуді бастады.
«Ол азаматтық іс бойынша оң шешім шығару үшін Талдықорған қалалық сотының судьяларына пара беру сылтауымен алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы 5 миллион теңге көлемінде қаражатты иемденіп, азаматты пара беруге арандатты деп күдіктелуде», делінген хабарламада.
Процессуалдық қамауға алу қолданылған жоқ. Өйткені күдікті қорғаушысы қасында болғанда айыбын мойындады және болған оқиғаға барынша өкінетінін жеткізді.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдікті кінәсінің дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.