Алматы облысында оқушы қыз үйінен қашуды әдетке айналдырған
Анықталғандай, ата-анасымен ренжіскен 15 жастағы қыз үйден шығып кетіп, оралмаған. Оқиға Талғар ауданындағы Жалғамыс ауылында болды. Алғашқыда баласын ата-анасы ауыл аймақтан өздері іздеген. Нәтиже болмаған соң полицейлерге хабарлаған. 19 қаңтарда жоғалған жасөспірім 3 күндік іздеуден соң ғана табылды.
«Қыз бала Алматының Бостандық ауданында жүрген жерінен табылды. Қазір кәмелеттік жасқа толмаған бала ата-анасымен бірге. Оқушы бұған дейін де бірнеше рет үйінен қашып кеткен. Полицейлер осы жайтқа байланысты тиісті шара қолдану үшін толықтай мән-жайды анықтауда», деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, облыста жаңа жылдан бері із-түзсіз кеткен 18 адам табылған. Оның 13-і 2017 жылы жоғалып, іздеу жарияланғандар.
«Көбіне ішімдікке салынған, психикалық ауытқуы бар адамдар жоғалады. Сондай-ақ жақындарымен ренжісіп, үйден қашатындар да жиі кездеседі. Айта кеткен жөн, іздеу жұмыстарына БАҚ өкілдері мен қоғамның көмегі көп», - деді облыстық ІІД-і іздеу бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны Дәулет Аманғалиев.