Алматы облысында оқушыны ұрған мұғалімнің ісі тоқтатылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 7-ші сынып оқушысын ұрған мұғалімнің ісі тоқтатылды.

Алматы облысында оқушыны ұрған мұғалімнің ісі тоқтатылды

Баласын ұрғандығы туралы арыз түсірген ата-ана шағымдарын кері қайтарып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұстаздан таяқ жеген ұлдың ата-анасы құзырлы органға шағымданғаннан кейін, мұғалім де олардың үстінен арыз түсірген. Соңында қос тарап өзара татуласып, шағымдарын қайтарып алды.

«Сот медициналық-сараптамаға қатыспаймыз және бір-бірімізге өкпеміз жоқ, татуластық деген тұрғыда екі жақтан да өтініш түскен. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексінің 35-бабына сәйкес іс тоқтатылды», - деп мәлім етті облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзекова. 

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде белгісіз әйел адамның оқушыны төпелеп ұрып жатқаны туралы бейнежазба тарап, көпшіліктің наразылығын туғызған еді. Соңынан анықталғандай,  оқушы мен мұғалім арасындағы кикілжің Іле ауданына қарасты Байсерке ауылындағы №9 мектепте орын алған. Облыстық білім басқармасының берген ақпаратына сәйкес, мұғалімнен таяқ жеген шәкірт  ұстаздың қызын ұрған көрінеді. Осы әрекеті үшін ашуға булыққан ана үзіліс кезінде сыныпқа келіп, балаға есесін қайтарған.  Баласын жақтаған мұғалім Мира Мамедалиева жұмыстан шығарылды. Ал мұғалімнен таяқ жеген баланың ата-анасы полиция бөліме барып, арыз жазған. Артынша ұстаздың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабымен (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) іс қозғалған болатын.