19:51, 20 Қаңтар 2020 | GMT +5
Алматы облысында ойнап жүрген бала құдыққа құлап мерт болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы облысында 8 жастағы бала абайсызда құдыққа құлап қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
![None None](/static/img/plug.webp)
«19 қаңтар күні сағат 17:10-да Алматы облысының ТЖ департаментіне 2012 жылы туған ұл бала сағат 15:40 шамасында Жамбыл ауданы Ақтерек ауылының шетінде ойнап жүріп, өзінің абайсыздығынан суы бар ашық құдыққа (ескі сумен жабдықтау жүйесі, жұмыс істемейді, қақпағы жоқ, тереңдігі 2 метр) құлап, оқиға орнында көз жұмғаны туралы мәлім етілген» делінген хабарламада.
Оқиға орнына «Тарғап» ҚР ІІМ ТЖК Апаттар медицинасы орталығының трассалық-медициналық құтқару, Алматы облысының ТЖД, Жамбыл ауданының РОП қызметкерлері шұғыл жеткен.
ҚР ІІМ ТЖК ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қарамауға, оларды қараусыз қалдырмауға шақырады.