Алматы облысында ойнап жүріп су тасуы салдарынан үйлеріне қайта алмай қалған балалар құтқарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері ересектердің қарауынсыз қалған үш кәмелетке толмаған баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысында ойнап жүріп су тасуы салдарынан үйлеріне қайта алмай қалған балалар құтқарылды

Басрасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 18-ақпанда сағат 18.15-те Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің пультіне Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында «Аманат» мал базарының маңын арық желісі арқылы еріген қар суы тасып, алаңды су басуы салдарынан кәмелетке толмаған үш ер бала елді мекеннен жырақта қалғаны туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына дереу ТЖ департаментінің қызметкерлері жіберілді. ТЖД қызметкерлері оқиға орнына келгеннен кейін балалардың алаңда ойнап жүріп, еріген қар суының көтерілуі салдарынан үйлеріне өздігінен орала алмағаны анықталды.

«Жамбыл ауданы ТЖБ қызметкерлері мен техникасының күшімен балалар қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Балаларға медициналық көмек қажет болмады. Алматы облысының ТЖД ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді»,-делінген хабарламада.