Алматы облысында өз отандасын өлтірді деген күдікпен шетел азаматы ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының тәртіп сақшылары өз отандасын өлтірді деген күдікпен Өзбекстан Республикасының 27 жастағы азаматын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кісі өлімі биылғы 11 қаңтарда Талғар ауданында болды. Құрылыс нысандарының бірінде түрлі дене жарақаты бар 43 жастағы ер адамның денесі табылған. Алдын ала тергеу барысында мерт болған шетелдік азамат Қазақстанға 2019 жылы Өзбекстанның Әндіжан облысынан келгендігі және Қайнар ауылында жеке тұрғын үй құрылысымен айналысқандығы белгілі болды.
«Аудандық полиция қызметкерлері адам өліміне қатысы бар деген күдікпен жәбірленушінің 27 жастағы отандасын ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмысқа қатысты барлық мән-жайлар анықталатын болады. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», - деп мәлім етті Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Аталған факті бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнынан ас үй пышағы табылып, тергеу материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.