Алматы облысында полицейді ұрған тұрғын ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында полицейге қарсылық көрсетіп, жұдырық жұмсаған тұрғын ұсталды. Оқиға Алакөл ауданындағы Үшарал қаласының маңында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында полицейді ұрған тұрғын ұсталды

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  ірі қара мал мен ет тасымалдап бара жатқан азаматты тексеру кезінде оның ешқандай рұқсат құжаттары болмағаны анықталған. Оқиға 1 шілдеде Үшарал маңындағы бақылау бекетінде тіркелді. Көлікті тексеру барысында жүргізуші қарсылық көрсетіп, құжаттарын бермеген.

«Сондай-ақ  40 жастағы азамат полиция қызметкерінің бетінен жұдырықпен ұрып жіберген. Аталмыш факті бойынша Алакөл аудандық ІІБ қызметкерлері ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Жүргізуші жүгімен бірге аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілді. Ұсталған азамат Алакөл ауданының тұрғыны»,  - деп толықтырды баспасөз қызметінде.