Алматы облысында республикалық маңызы бар бірнеше жол жабылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан барлық көлік түрлері үшін бірнеше бағыт бойынша автожолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
«Нақтырақ, аталған аймақта 558-ші шақырымнан 615 шақырымға дейін қоғамдық көлік, сондай-ақ дизельді қозғалтқыштармен жабдықталған автомобильдер үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі», - делінген Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарламасында.
Сонымен қатар, «Алматы - Өскемен - Қапал - Арасан» облыстық маңызы бар автожол және Ақсу ауданының Көшкентал және Көктөбе ауылдарына кіретін жолдар жабылды.
«Сарыөзек-Көктал-Көксу-Қарабұлақ» (0-94 км.) облыстық маңызы бар автожол және Кербұлақ ауданындағы Аралтөбе, Онжас ауылдарына кіретін жолдар көліктердің барлық түрлеріне жабылды», - делінген Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алматы облысының ТЖД азаматтардан осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі тарататын СМС хабарламаларды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда қажет болатын заттарды бірге алып жүруге кеңес береді.