Алматы облысында шетелдіктер пәтерді 5 млн теңгеге тонап кетті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында пәтерден құны 5 млн теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдарды ұрлады деген күдікпен гастарбайтерлер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында шетелдіктер пәтерді 5 млн теңгеге тонап кетті

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 26 тамыз күні сағат 19:00-де Талғар аудандық ішкі істер бөліміне Тұздыбастау ауылының 31 жастағы тұрғыны арызданған. Ол терезені сығымдап ашу арқылы құны 5 млн теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдары ұрланғанын жеткізген. Аталған факті ҚР ҚК-сі 188-бабының 3-бөлігі бойынша тіркеліп, полицейлер оқиға орнына шықты.

«Бірінші күмән көрші үйде жөндеу жұмыстарын жүргізген Өзбекстан азаматтарына түсті. Бұл адамдар қылмыс жасағаннан кейін бірден жасырынған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласындағы ломбардтардың бірінен ұрланған заттардың басым бөлігі табылды. Зергерлік бұйымдарды тапсырушылардың келбеті іздестіріліп жатқан гастарбайтерлердің белгілерімен сәйкес келді», - деді Талғар АІІБ бастығының орынбасары Андрей Бурянский.

Тәртіп сақшыларының суреттеулері бойынша іздестіру нәтижесінде Алматы қаласының Жасыл базар ауданында 2 күдікті ұсталып, кейін қылмыстарын мойындаған. Ұрланған зергерлік бұйымдардың көп бөлігі заңды иесіне қайтарылды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалғандарына қатысты іздеу жалғасуда.