Алматы облысында «Сонар-2017» құсбегілер жарысы мәресіне жетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Сонар-2017» құсбегілер жарысы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүркітшілер арасында өткен сайыста астаналық Серікбол Күнтуған І-орынды қанжығаласа, Атырау облысынан келген Арман Қошқаров ІІ-орынды, Жамбыл облысынан келген Серікболсын Жалғасұлы ІІІ-орынды иеленсе, Алматы облысының абыройын қорғаған Абзал Әбен VІ-орынды қанағат тұтты.
Ал қаршығашылар арасында өткен жарыста Бексұлтан Сейтжан І-орынды, Ренат Мырзабаев ІІ-орынды иеленді. Жамбыл облысынан келген Берікболсын Бабажан ІІІ-орынға табан тіреді. Жеңіске жеткендердің барлығы марапатталып, ақшалай сый-сияпатқа ие болды.
Алматы облысында «Сонар-2017» құсбегілер додасы Талдықорғанға жақын жердегі Сырымбет ауылының маңында өтті. Биылғы сайыс Қазақстан Республикасы рәміздерінің 25 жылдығы және «Жалайыр Шора» атындағы құсбегілер мектебінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Додаға Қазақстанның әр аймағы мен Қытай және Моңғолия елінен 100-ден астам құсбегі қатысты. Олар 70-ке жуық бүркіт, қаршыға, ителгі мен бидайық сынды құстарды баптап әкелді. Сайыс екі кезеңде өтті.
Жарыстың алғашқы күнінде құсбегілер шырғаға салу, қоян аулау өнерімен сынға түсті.Ал ақтық додада құсбегілер бүркіттерін түлкіге салып жарысты. Төрешілер бұл жолы қыран құс пен құсбегі арасындағы қарым-қатынасқа да назар аударды.
Фотоны түсірген Максим Золотухин