Алматы облысында суға батып кеткен мұғалімнің денесі бесінші тәулікте табылды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысында суға батып кеткен мұғалімнің денесі бесінші тәулікте табылды. Абдурашид Хасанов Еңбекшіқазақ ауданындағы Авангард ауылында информатика пәнінің мұғалімі болған. Қыз баланы құтқарамын деп өзі де өзенге батып кеткен мұғалімнің мүрдесін Шелек өзенінен құтқарушылар алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 26 маусым күні Еңбекшіқазақ ауданында 1988 жылғы қыз бала суға батып, оны екі азамат құтқаруға тырысқан. Өкінішке орай, үшеуі де өзеннен шыға алмай қалған. Қыз баланың және 1995 жылғы жігіттің мүрдесі көп ұзамай табылды. Ал 1984 жылғы Абдурашид Хасановтың денесін бес тәулік бойы іздеуге тура келді. Суға батып кеткен адамдар бір-біріне туыс болып келеді.
Алматы облысында жыл басынан бері 18 адам суға батып, көз жұмды. Оның жетеуі балалар. Соңғы оқиға Іле ауданында болды. 29 маусым күні 2004 жылғы қыз балалар өзенге батып кеткен.