Алматы облысында тәркіленген 5 тонна спирт өнімі денсаулық сақтау саласына беріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматы-Қапшағай тас жолында 5 тонна жалған алкоголь өнімі бар көлік ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Комитеттің Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Алматы-Қапшағай тас жолында 5 тонна жалған алкоголь өнімін ешқандай рұқсат құжаттынсыз Талдықорған қаласына тасымалдаған «Мерседес» маркалы жүк көлігі ұсталды», делінген хабарламада.
Алкоголь өнімдері Алматы облысының 27 жастағы тұрғынына тиесілі екені анықталды. Тінту кезінде, құрамында спирті бар 5 литрлік 1 000 бөтелке тәркіленді.
«Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық қажетті сараптама тағайындалып, одан кейін спирт өнімін Алматы облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына беру мәселесі шешілетін болады», делінген хабарламада.