Алматы облысында техникалық байқау жүргізуде заңсыздықтар анықталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің Алматы облысындағы көлік құралдарының техникалық байқауына жүргізген мониторингі барысында «қашықтықтан техникалық байқау», «кірмей техникалық байқау», «ватсап арқылы техникалық байқау» сияқты заңсыз қызмет түрлері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Асқар Садықов баспасөз мәслихатында айтты.
«Өкінішке орай, Алматы облысының көліктік бақылау инспекциясы қызметінің жылжымалы бекеттері сыбайлас жемқорлық тәуекеліне бейім сала болып отыр. Соңғы үш жыл ішінде мұнда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін көліктік инспекцияның 9 қызметкері сотталды. Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы инспекциялық ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалға теріс әсер етеді және инспекция мен жалпы министрліктің теріс имиджін қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін төмендетеді», - деді А. Садықов.
Сонымен қатар, «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен ірі көлемді көлік құралдарының салмақтық бақылау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілгендігін осы жобаның менеджері Арайлым Мылтықбаева мәлім етті.
Оның айтуынша, мониторинг аясында Алматы облысы аумағында жүк тасымалын жүзеге асыратын компаниялардың иелері арасында анонимді сауалнама жүргізілген.
Сауалнаманың қорытындысы көрсеткендей, сұралғандардың 72% - дан астамы ірі габаритті көлік құралдарын салмақтық бақылаудың қазіргі рәсімі сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім деп санайды. Респонденттердің 65% -ы салмағы ауыр көлік құралының рұқсат етілген шекті нормаларынан асып кеткен жағдайларда мәселені сол уақытта шешкендерін атап өтті. Сонымен қатар, сұралғандардың 54% -дан астамы мұндай жағдайлардын болуы жүйелі сипатқа ие екенін мәлімдеген.
Мониторинг аясында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді жою мақсатында «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен тиісті ұсыныстар әзірленген. Ол қазіргі уақытта Алматы облысы әкімдігінің қарауында.