Алматы облысында тері өңдейтін зауыт жоқ - Амандық Баталов
Талдықорғанда облыс әкімінің халық алдындағы есебі жалғасуда. Қазір тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып жатыр. Тұрғынның бірі облысқа тері өңдейтін және ет өңдеу зауытын салу мәселесін көтерді.
«Мен әкім болып тағайындалғалы осы мәселені жиі ойлаймын. Көршілерімізге тері тиын-тебенге өткізіліп, жөнелтіліп жатқанын білемін. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда Алматы облысында индустриалды аймақтар салынған. Мәселен, «Береке» индустриалды аймағында германияның «Бауман» компаниясы ірі ет өңдейтін зауыт салады. Бұл кәсіпорынның 100 жылдық тарихы бар. Әрине, облысқа ет өңдейтін және тері өңдейтін зауыт қажет. Біз бұл мәселені шешеміз», - деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғынның сұрағына берген жауабында.
Сондай-ақ, Ақсу ауданындағы Ойтоған ауылының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отырғандарын айтты.
«Мен Ілияс Жансүгіровтің туған жері Ойтоған ауылының тұрғынымын. Тіршілік нәрінен таршылық көріп отырмыз. Бізде ауыз су мәселесі қашан шешіледі», - деді сұрақ қойған тұрғын.
Өңір басшысы осы мәселе бойынша жауапты мамандарға тапсырма берді.
«Ауыз сумен қамтамасыз ету жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Егер Ойтоған ауылын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету облыстық бюджеттен қарастырылған болса, ауылды ауыз сумен қамтуды биылғы жоспарға енгізіңіздер», - деді Амандық Баталов.