Алматы облысында туристік полиция қытай тілінде де қызмет көрсетеді
Мәліметке қарағанда, жаңадан құрылған полиция бөлімшесіндегі офицерлік құрамның штаттық саны 5 бірліктен тұрады. «Туристік полиция құрамына енген қызметкерлер мұқият іріктеуден өтті, заңнаманы және шет тілдерін жақсы меңгерген. Олар еліміздің тарихын да жақсы біледі, әңгімешіл, ашық. Әрқайсысы мемлекеттік тілден бөлек, ағылшын және орыс тілдерін жақсы меңгерген. Сонымен қатар, өңіріміз Қытай Халық Республикасымен шектесетінін ескере отырып, бөлімшенің бір қызметкері қытай тілін еркін меңгерген. Барлығы видеотіркеуіштермен, рациялармен, планшеттермен, формалық кеудеше және басқа да қажетті заттармен жабдықталған. Жеке автокөліктері де бар», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетейік, еліміздің бес өңірінде қызмет ететін туристік полицияның міндеті шетелдік азаматтармен жұмыс істеу. Яғни туристер мен қонақтарды қызықтыратын мәселелерге жауап беру, олардың Қазақстандағы қауіпсіздігін қамтамсыз ету болып отыр.
«Туристік полиция Алакөл ауданында арнайы ақпараттық жүйелері, техникалар мен байланыс құралдары бар станционарлық бекетте жұмыс істей бастады. Алакөл соңғы жылдары шетелдіктер көп келетін орынға айналды. Алматы облысында шетелдік туристер жиі келетін басқа да нысандар жеткілікті», - деді баспасөз қызметінен.