Алматы облысында туризмді дамытудың 11 жобасы жүзеге асырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысында туризмді дамытудың 11 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Алматы облысында туризмді дамытудың 11 жобасы жүзеге асырылуда

57-қадам шеңберінде туризм саласында стратегиялық инвесторлар тартуға қатысты «зәкірлі» жобалар тізіміне «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы кірді, инвесторы - сингапурлық «Steppe Capital» АҚ. Учаске алаңы 800 га, оның ішінде жоба іске асырылатын жер - 170 га. Жобаның құны - 90 млрд.теңге.

Жобаны жүзеге асыру аясында Талғар ауданында «Ақбұлақ» шипажай-сауықтыру кешеніне апаратын «Бірлік-Алмалық-Рысқұлов-Қазстрой-Ақбұлақ» автожолының құрылысы жүргізілуде.

Алакөл көлінде жағажай және сауықтыру туризмін дамыту үшін «Falcon Petroleum», «AQUAMARINE resort» ЖШС, «Каримов» ЖК инвесторлары тартылды, олар 400 орынды бес жұлдызды қонақ үй және 500, 300 орынды қонақ үй кешендерін салуда.

Туристерді жайлы жеткізу үшін «Алматы-Жетіген-Ақши-Достық» теміржол қатынасы жұмыс жасайды, ол жергілікті бюджеттен субсидияланады, биылғы жылы Үшарал қаласында әуежай құрылысы басталады.

Алакөл көліндегі демалыс базаларына 600 млн теңгеге 93,8 шақырым электр жеткізу желілері тартылды, 1,9 млрд теңгеге ұзындығы 23,8 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту аяқталуда.

Сондай-ақ, Ақши ауылында туристерге қызмет көрсету үшін заманауи құралдармен және реанимобильмен жарақтандырылған дәрігерлік амбулаториялар құрылысы жүргізілуде.

Облыста жалпы 233 млрд теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылып жатыр.