Алматы облысында Ұлттық ұлан сарбазы өзін атып өлтірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ҚР Ұлттық ұлан сарбазы өзін жарақаттау салдарынан қайтыс болды. Ол түнгі күзетте жүріп өзіне оқ атқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында Ұлттық ұлан сарбазы өзін атып өлтірді

ҚР Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарлағандай, оқиға 23 қаңтарда түнде орын алған.

«2019 жылдың 23 қаңтарында шамамен түнгі 01 сағат 35 минутта ішкі күзетте қызметін өтеп жүрген қатардағы жауынгер Ұласбек Кенжебекұлы Қожан өзіне берілген қарумен басынан атып жаралап, қайтыс болды», - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.

Қайтыс болған сарбаз 2018 жылдың мауысымында Астана қалалық қорғаныс істері департаментінен әскер қатарына шақыртылған.

Бұл оқиға Алматы Әскери-тергеу басқармасына тіркелген, тергеу шаралары жалғасып, қызметтік тексерістер белгіленген. Әзірге оқиғаға не себеп болғаны анықталу үстінде.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы марқұм болған қатардағы сарбаздың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.