Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті болып тұр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінде Алматы облысында үш ауысымды 27 мектеп бар болса, биылғы оқу жылында олардың қатары 3 мектепке азаяды, деп хабарлайды ҚазАқпарат 24.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы облысында үш ауысымды мектеп мәселесі өзекті болып тұр

Үш ауысымды мектептердің мәселесі тым баяу шешілуде. Қазір өңірде 22 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның төртеуі 3 ауысымды мектептерді жою мақсатында салынуда. Ал 30 білім нысаны күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

«Соның ішінде бір мектепте қазір толығымен күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ол - Панфилов ауданындағы Лесновка ауылындағы Рақышев атындағы мектеп. Қалған нысандарымыз 1 қыркүйекке дейін беріліп, балалар 1 қыркүйекті жаңа, таза, күрделі жөндеуден өткен ғимаратта қарсы алады»,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсара Исағұлова.

Тұрғындары көбейіп, демографиялық жағдайы жылма-жыл артып келе жатқан Талдықорған қаласында мектептердің аздығы байқалады. Сондықтан биыл әрқайсысы 1200 орындық 2 мектептің құрылысы қатар аяқталғалы отыр. Бірі жаңа ықшам ауданнан бой көтерсе, екіншісі шаһардың шеткері аумағындағы елдімекен балалары үшін өте қолайлы жерден орын тепкен. Жер көлемі 3 гектардан асатын мектеп қаланың солтүстік-батыс аймағында тұр. Мұнда 175 адам еңбек етуде. Құрылыс материалдарының барлығы Қазақстандікі.

«Жұмыстың 95 пайызы бітіп тұр. Ішкі бөлікті әрлеудеміз. Құрал-жабдықтың барлығын қойып жатырмыз. 20 тамыз күні тапсырамыз мектепті»,-дейді құрылыс жобасының жетекшісі Қанат Әутәліпов.

Сонымен, облыс орталығындағы білім шаңырақтарының саны 26-ға жеткелі тұр. Онда 30 мыңнан астам шәкірт оқитын болады. Облыста биылдан бастап алдағы 5 жылды қамтитын жоспар бар. Ол бойынша 53 мектеп қажеттілікке қарай күрделі жөндеуден өтеді немесе қосымша ғимараттарға ие болады. Қазір 5 мектептің жобалық сметалық құжаттамалары жасалуда.