Алматы облысында үш азаматты бірдей бауыздап кеткен қанішерлер қолға түсті
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматы облысында үш азаматты бауыздап кеткен қанішерлер ұсталды.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаменті бастығының орынбасары Ернұр Уәли журналистермен болған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Аққайнар ауылында ақпанның 12-сі күні тамақтарынан бауыздалған және бастарында тапаншаның оғынан жарақаттары бар үш азаматтың денесі табылған. «Бұл оқиға кезінде қоғам арасында үлкен үрей тудырған еді. Осы жантүршігерлік оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық Ішкі істер департаменті Қылмыстық полиция комитетінің ең үздік қызметкерлерінен жедел топ құрылды. Шұғыл әрі дер кезінде қолданылған шаралар барысында мерт болған азаматтардың аты-жөндері анықталды. Олар Алматы қаласының тұрғындары болып шықты», - дейді Е.Уәли.Оның айтуынша, үшеуі ағымдағы жылғы ақпан айының 4-і күні «Мерседес-Бенц» көлігіне мініп, қала сыртына шыққаннан қайтып оралмаған. Тексеру барысында олардың Ұзынағаш ауылында қонақта болғандары анықталды. Бұлар тоқтаған үйге тап сол күні өңшең ұрылар жиналған. Барлығы бірге отырып, спиртті ішімдікке сылқия тойған. Әбден мас болған үш азамат пен екі баукеспенің арасында кикілжің туындайды. Соңында қолында тапаншалары мен пышақтары бар екі қанішер үш азаматты қорқытып-үркітіп үйден алып шығады. «Қылмыскерлерді құрықтау жұмыстарына ішкі істер саласының жеке құрылымдары тартылып, облыстан шығар жолдың барлығы бақылауға алынды. Ал сәуірдің 15-і күні Іле Алатауы төңірегінде жүргізілген кең көлемді операция барысында қанішерлер қолға түсті. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр», - деді департамент бастығының орынбасары.