Алматы облысында үш күнде 400-ге жуық адам жауапқа тартылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, үш күн ішінде 398 жергілікті тұрғын қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы күндер ішінде өңірде 3 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш рейд облыс көлемінде өткен республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында ұйымдастырылды.
«Автожолдарда жүргізілген рейдтер барысында 58 жүргізуші спирттік ішімдікке немесе есірткіге масайған күйінде ұсталды. Тиісті хаттамалар толтырылып, олар сот шешімімен бірнеше жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады. Ал, арасында осы құқықбұзушылықты қайталағандары болса, олар әкімшілік қамауға алынатынын ескертеміз»,- делінген аталған ведомство баспасөз қызметінің ресми мəлімдемесінде.
Облыс аумағында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тәртіп сақшылары тіркелмеген 6 аңшы мылтығы мен 1 травматикалық тапаншаны тәркіледі. Аталған қару-жарақ тиісті тексерулерге жіберілді. Ал, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды.
«Іс-шара барысында 24 жастағы Талдықорған қаласының азаматынан газ-травматикалық тапанша тәркіленді. Тексеру кезінде аталған тапаншаның ұрланғаны анықталды. Осы факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, анықтау жұмыстары жүргізілуде»,- деп атап өтті полиция өкілдері.