Алматы облысында үйі өртенген көпбалалы отбасы көмекке зәру
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үйі өртеніп кеткен көпбалалы отбасы көмекке зәру.
ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы хабарласқан жанұяның Ардақ есімді туысы қалың көпшіліктен көмек сұрады.
«Мен үйі өртеніп кеткен отбасының Ардақ есімді жеңгесі болып келемін. Жағдайымыз өте ауыр. Қазір анасы бес баласымен ауруханада жатыр. Өзі жансақтау бөлімінде. Халық көмектесіп жіберсе екен. Қандай көмек болса да алуға дайынбыз», - дейді Ардақ.
Еске салайық, оқиға 18 қаңтар күні Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында болды. Жеті баласы бар Алтай Исабековтің үйінен тілсіз жау түк қалдырмаған.
ТЖД-нің мәліметінше, өрт пештен шығуы мүмкін деген болжам бар. Қыстың суығында далада қалған отбасына жергілікті әкімдік тарапынан қандай да бір көмек көрсетіледі ме, ол жағы белгісіз.
Бақтыбай ауылының әкімі Айдын Исабековтің сөзінше, аудан басшылығы аталған жағдайдан хабардар. Тиісті шешім алдағы уақытта қабылданатын көрінеді.