Алматы облысында заңсыз балық аулағандар ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында заңсыз балық аулаған азаматтар тобы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, таңертеңгі сағат 09:40 шамасында Еңбекшіқазақ ауданы аумағындағы Ақтоған және Шелек кенттерінің арасындағы жолдан «Ниссан» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Көлікте 34 жастағы жүргізуші мен 57, 41 және 38 жастағы үш жолаушы болған. Автокөлікті тексеру барысында олардан ластылары бар гидрокостюм, су асты аңына арналған гарпун – мылтық, шам, резеңке қайық және 140 келіден асатын ірі мөлшердегі түрлі балықтар - сазан, ақ амур, жыланбас балық, көксерке және ақтабан табылды. Ұсталған азаматтардың бірі өз кінәсін мойындап, аулау құралдары оның меншігі болып табылатындығын және барлық балық гарпунның көмегімен Қапшағай су қоймасынан ауланғанын айтып берді.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 335-бабының 1-бөлігі «Айтарлықтай залал келтіре отырып балық ресурстарын заңсыз алу» бойынша СДТБТ-да тіркелді.