Алматы облысында заңсыз қабан атқан тұрғын ұсталды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Кеген ауданында қабанды заңсыз атқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы аумағында жүргізіліп жатқан «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Кеген ауданының табиғатты қорғау полицейлері заңсыз аң аулау дерегін әшкереледі. 32 жастағы аудан тұрғынының қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1988 жылы туған азамат Қарқара өзенінің бойынан жабайы аңды атып алғанын мойындады. Аң еті тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - деді облыстық ПД ЖПҚБ табиғат қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Бағлан Рымжанов.

Естеріңізге сала кетейік, «Шырша» жедел алдын алу іс-шарасы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қылқан жапырақты жас бұталарды жаппай кесудің алдын алу және орманды қорғау мақсатында ұйымдастырылуда. Желтоқсан айының 15-ші жұлдызында басталған арнайы шара жыл аяғына дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар