Алматы облысында жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 99%-ға жетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысында жол саласындағы 2020 жылғы құрылыс маусымының нәтижелері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Төлеген Абдуллин министрліктің аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің қызметкерлерімен жұмыс кездесуін өткізді.
2020 жылы аталған өңірде қыруар жұмыс атқарылды. Атап айтар болсақ, «Үшарал – Достық», «Бұрылбайтал – Құрты», «Ұзынағаш – Отар», «Талдықорған – Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолдары реконструкциядан өтті. Сондай-ақ, Шамалған станциясындағы жер үсті өткелінің құрылысы жүргізілді. Бұдан бөлек, жол компаниялары «Көкпек – Кеген – Жалаңаш – Сәтті – Құрметті – Көлсай көлі», «Көкпек – Кеген – Қырғызстан шек. (Түп), Алматы – Бішкек («Алтын Орда» нарығы), «Алматы – Бішкек» («Асыл Арман» ТК) және «Алматы – Көктал – Байсерке – Междуреченск» жолындағы Үлкен Алматы өзені арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жүргізілді.
Сонымен қатар, «Алматы – Шелек – Қорғас», «Алматы – Көкпек – Шонжы – Көктал – Қорғас», «Көкпек – Кеген – ҚР шек. (Түп)», «Алматы – Өскемен (Талдықорған қаласының айналма жолы)», «Өзбекстан шек. (Ташкент) – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» жолдарының учаскелері жаңартылды.
Бүгінгі таңда өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық автожолдар желісінің үлесі 99%-ға жетті. Алматы облысындағы республикалық маңызы бар тасжолжардың жалпы ұзындығы бүгінде 2806 шақырымды құрайды.