Алматы облысында Жаңа жыл мерекесінде 14 өрт оқиғасы тіркелді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жаңа жылды мерекелеу кезеңінде Алматы облысында 14 өрт оқиғасы орын алған. Соның ішінде төртеуі пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан болды. Бұл туралы аймақтық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.
«2019 жылды қарсы алғаннан кейін, Текелі қаласының Жеңіс көшесінде сағат 12:15-те және Қарасай ауданының Қаскелен қаласындағы «Асыл арман» шағынауданында сағат 12:20-да отшашу шоқтарының балкондарға түсуі салдарынан балкондар мен ондағы киімдер өртене бастады. Жалын 2 шаршы метр аумақты шарпыған. Ал Жамбыл ауданының Қасымбек ауылында сағат 12:40-та және Райымбек ауданының Көмірші ауылында сағат 01:10-да жекеменшік тұрғын үйлердің аумағындағы 4,5 және 10 тонна шөп өртенген. Жоғарыда аталған барлық өрт оқиғалары аталған аудандардың өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен сөндірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген құтқарушылардың хабарламасында.
Олардың айтуынша, өрттің шығуына пиротехникалық бұйымдар - отшашу, петарда, ракеталарды дұрыс пайдаланбай, өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу себеп болды.
«Қалыптасқан жағдайды есепке ала отырып, болашақта олардың қайталанбайтынына үміттенеміз, себебі алдағы уақытта Рождество және ескі жаңа жыл мерекелері жақындап келеді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң түрде сақтау ғана адамдарды мерекелерді жақсы қарсы алып, түрлі жарақаттардан қорғайды», - деп атап өтті Алматы облыстық ТЖД тұрғындарды ақпараттандыру және оқыту тобының қызметкерлері.