Алматы облысында жарылыс болған үйден оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер табылды - ҚР Бас Прокуратурасы

АСТАНА. 13 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Бас Прокуратурасы Алматы облысында жарылыс болған үйдің ішінде оқ-дәрілердің табылғанын растады.

Алматы облысында жарылыс болған үйден оқ-дәрілер мен діни әдебиеттер табылды - ҚР Бас Прокуратурасы

 «Тергеу-жедел тобы оқиға орнын тексеруді кеше бастап, бүгін жалғастырды. Нәтижесінде үйдің гаражынан оқ қаруы, оқ-дәрілер, полицейлік киім мен діни әдебиеттер табылды», -делінген 12 шілде, бейсенбі күні елдің басты қадағалау органының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қылмыстық факті бойынша Алматы облыстық прокуратурасы ҚК-нің 24-бабының 1-бөлімі - 233-бөлімнің 3-тармағы «б» тармақшасымен (лаңкестікке дайындалу) қылмыстық істі қозғады.

Бас прокуратурадан сондай-ақ қазіргі уақытта қажетті сот сараптамалары тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп отырғаны, қаза тапқандардың есімдері, сондай-ақ  оқпен атылатын қарудың, оқ-дәрінің және полиция киімінің шығу тегі анықталғаны хабарланды. 

Естеріңізге сала кетейік, 11 шілде күні Алматы облысындағы Қарасай ауданына қарасты «Тау самалы» кентіндегі үйде жарылыс, одан кейін өрт болды. Жалын тілі 100 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға орнында сегіз адамның жанып кеткен мүрделері табылды, олардың ішінде төртеуі - балалар.