Алматы облысында жасырын ғаламтор-ойынхана анықталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Тәртіп сақшыларының кезекті рейдтік шаралары кезінде Қарасай ауданында жасырын ойынхана анықталды, деп хабарлайды ҚазАқапарат тілшісі Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық ғаламтор кеңістігінде жұмыс істеген ойынхананы ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен экономикалық тергеу қызметінің мамандары Шамалған станциясында тапты.
Заңсыз ойын бизнесін Алматы қаласының 29 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол өзінің ойынханасын кәдімгі ойын залы ретінде ашқан. Алайда ол жерде қаржылай бәс тігу және марапаттау сияқты ақша айналымы жүргізіліп отырған.
Күдіктіге қарсы ҚР ҚК 307-бабы бойынша («Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру») қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіле бастады. Күдіктіден ешқайда шықпау туралы қолхат алынды. Қылмыстық іс бойынша барлық материал алдағы уақытта Алматы облыстық МКД Экономикалық қылмыстарды тергеу қызметіне тапсырылады.