Алматы облысында жеке көмекшілер бірнеше ай алмаған жалақысына қол жеткізді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ескелді ауданының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке көмекшілеріне жалақысын алуға көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
3 ай жалақы алмаған «Ескелді аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері жергілікті прокуратураға шағымданған. Арызда Ескелді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 63 жеке көмекшіге 8 млн теңге берешек болып қалғаны көрсетілген. Кешенді тексеру барысында прокурорлар мен Алматы облыстық еңбек инспекциясының өкілдері еңбекақы төленбегенін толық дәлелдеп, шара қолданды. Азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалып, 26 қаңтарда 8 060 119 теңге жалақы қарызы толық қайтарылды. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ҚР ӘК 87-ші бабының 1-ші бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 60 АЕК көлемінде айыппұл салынды.