Алматы облысында жеміс-жидек пен көкіністерді сақтау кешені ашылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 6-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы облысында жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын бірегей кешен іске қосылды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстандағы алғашқы неміс және голландиялық озық технологияларға сүйене жұмыс істейтін осы кешен Алматы облысындағы Шамалған ауылдық округінде ашылып отыр. Бұған 2200 тонналық жеміс қоймасы, газды ортамен реттелетін мұздатқыш, өнімділігі сағатына 2 тонна жеміс сұрыптау желісі кіреді. Жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыруымен «Kazakh Cool» компаниясы іске асырып отыр. «Бұл қойма кешені Алматы қаласының төңірегінен азық-түлік белдеуін құру бағдарламасы аясында ашылуда. Жоспар бойынша оның бір жылдық сақтау қорының айналымы 10 мың тоннаға дейін жетпек. Бұл өз кезегінде маусымдық бағалардың шарықтауына тосқауыл болуға септігін тигізеді. Осындай қоймалар көптеп ашылса, көкөніс, жеміс-жидек бағасының тұрақты болуы республика деңгейінде қамтамасыз етілер еді. Бастапқы кезеңде қоймаға сақталатын өнімдер жергілікті диқандардан сатып алынатын болады. Ал алдағы уақытта «Kazakh Cool» компаниясы жеміс-жидек түрлерін өздері егіп, өнім алмақ», - дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ержан Өстаев. Жаңа кешенге германдық «Plattenhardt» компаниясының көмегімен бір жылдам астам уақыт бойы жемістің балаусалығы мен бұзылмай сақталуына мүмкіндік беретін бірегей жабдық орнатылды. Арнаулы компьютердің көмегімен өндірістің бүкіл технологиясы, әрбір жекелеген камералардағы газ және температуралық ахуал он-лайн режімінде Германиядағы «Plattenhardt» офисынан бақыланып тұратын болады. «Көкөністермен, жеміс-жидекпен ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ сыртқа экспорттауды да қолға алатын уақыт жетті. Елбасының осы мәселеге арналған арнайы тапсырмасы да бар. Алдағы уақытта да облыста бірнеше заманауи сақтау орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл күз, қыс мезгілдерінде тұрғындарды таза өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков. Кешеннің ашылу салтанатына Германияның Бавария аймағынан келген экономикалық делегация өкілдері қатысты. Шетелдік топты бастап келген Баварияның Ауыл шаруашылығы мемлекеттік хатшысы Кати Хессель бұл жобаға үлкен қызығушылық танытып отырғандығын жеткізді. Германдық тарап еліміздің ауыл шаруашылығы саласының мамандарын алдағы уақыттарда осындай сақтау-сұрыптау жобаларын бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Соңғы жаңалықтар