Алматы облысында «жеңгетайлар» ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында stop-трафик арнайы іс-шара барысында жеңіл жүрісті әйелдерге «жеңгетайлық» көмек көрсеткен екі азаматша ұсталды. Күдіктілерді полицейлер қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заңсыз әрекетке барған Талдықорған қаласындағы қонақ үйдің әкімшісі мен Қарасай ауданындағы сауна әкімшісіне қылмыстық іс қозғалды.
«Арнайы іс-шара барысында 50 және 38 жастағы екі азаматша адам саудасына қатысы бар деген күдікке ілінді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, «жеңіл жүріске» түскен Қырғызстан азаматшасын Қазақстан Республикасының аумағында жүру ережесін бұзғаны және құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту және ел аумағынан шығару мәселесі қарастырылуда. Шетел азаматшасы тиісті мекемеге орналастырылды»,- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары адам саудасы мен олардың құқығын шектеуге қатысты заң бұзушылықтармен күрес үнемі жүретінін жеткізді. Облыс тұрғындарын кез-келген дерек орын алған жағдайда полицияға хабар беруді сұрайды.