Алматы облысында жердің бағасы басқа өңірлерге қарағанда 10 еседей қымбат - У. Қалижан
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алматы облысында жердің бағасы еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда 10 еседей қымбат.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Уәлихан Қалижан осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жақында Алматы облысының тұрғындарымен кездесу барысында жұртшылық Елбасының тұғырлы саясатына ризашылық білдіріп, ерекше саяси белсенділік танытып отырғанын көрдік. Алматы облысының Жамбыл, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында болып өткен кездесулерде диқандар бір мәселеге баса назар аударып отыр. Атап айтқанда, диқандар ұзақ мерзімге жалға алып, енді оны біртіндеп сатып алайын десе жер құны өте қымбатқа шығып отырғанға ұқсайды. Тіпті, Алматы облысындағы жер құны республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда 10 есе қымбат екендігі анықталған», деді депутат. Осыған орай, У. Қалижан тиісті органдар арқылы Алматы облысында жер құны неге қымбат болып отырғанын тексеру қажеттігін алға тартып, бұл бойынша шаралар қабылданса деген тілегін жеткізді.