Алматы облысында Жетісу дәстүрлі ән орталығы ашылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония жанынан «Мирас» дәстүрлі ән орталығы құрылды. Орталық аясында жетісулық әншілер дәстүрлі ән өнерін насихаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында Жетісу дәстүрлі ән орталығы ашылды

Жаңа орталық қоғамдық бірлестік негізінде жұмыс істейді. Ұйымға Сүйінбай атындағы облыстық филармонияда өнер көрсетіп жүрген көпшілікке танымал дәстүрлі әншілер Ерлан Жебегенов, Сая Есенгелдинова, Құралай Шаяхметова, Кенжекей Ақжолова жетекшілік етеді.

«Әзірге орталыққа 20 өнерпаз мүше болып отыр. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінің дәстүрлі әншілерімен байланысқа шығып, қатарға қосқымыз келеді», - дейді қоғамдық ұйым төрағасы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Ерлан Жебегенов.

Сондай-ақ орталықтың көркемдік кеңесі құрылып, ол жерге дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар, тәжірбиелі аға буын өкілдері шақырылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаевтың айтуынша, бұл ұйым Жетісу жерінің дәстүрлі ән мектебін қалыптастырып, қалың бұқараға насихаттап дәріптеуді мақсат етпек.

«Сондай-ақ орталық мүшелері балалар арасында дәстүрлі ән, жыр-термені дамыту бағытында үйірмелер ашып, өнер мектептерінде шеберлік сабақтарын өткізеді», - дейді басқарма басшысы.

Орталықтың тағы бір мақсаты дәстүрлі ән өнерін, термелері мен жырларын дәріптеп келген тарихи тұлғалардың, ақын-жырау, әнші-термеші есімдерін жаңғыртып, олардың орындаған төл туындыларын жинақтап, кітап етіп шығару.