Алматы облысында «ЖетісуАгро» кешені ашылды
trong>Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше Алматы облысы, Іле ауданы Өтеген батыр ауылында ет және көкөніс өнімдерін қайта өңдеп, сақтайтын өндірістік-логистикалық «ЖетісуАгро» кешені ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жалпы аумағы 3,13 гектарды құрайтын кешен күніне жеті тоннадан астам ет және шұжық өнімдерін өндірсе, жақын үш жылда кәсіпорын жұмысын күшейтіп 25 тоннаға дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр.
Кешен басшысы Александр Зыряновтың айтуынша, қазіргі уақытта бұл орталықта 800 тоннадай ет, 200 тоннадай көкөніс сақталып, тәулігіне 30 тонна ет мұздатылады. Сондай-ақ тәулігіне бес тоннадай ет, шұжық өнімдерінің 50-ден аса түрі өндіріліп, дайын өнімдер тасымалданып отырады.
«Сонымен қатар біздің орталықта 2-2,5 тоннадай тауық еті мен балық өнімдері өңделеді. Ал тауарларымыздың бағасына келетін болсақ бұқараға тиімді, мысалы, сиыр етінің бір келісі 490-нан 590 теңге аралығында. Ет өнімдерін сақтау және қаптау ісі халықаралық нормаларға сай келеді және сапа жағынан Алматы нарығындағы тауарлардан еш кем түспейді», дейді А.Зырянов.
Қаланың ішкі нарығына 20 пайыздық төмен бағада кіріп отырған «ЖетісуАгро» бірлестігінің 20 сауда орны жұмыс істейді, оның 14-і арнайы сауда автокөлігі, 6-ы Алматы қаласындағы сауда базарларындағы фирмалық бөлімшелер және «Алтын-Орда» базарында көтерме-дистпечерлік қызмет пен 50 серіктес дүкені бар.