Алматы облысында «Жетісуға қош келдіңіз» атты фильмнің түсірілімі басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Талдықорғанда «Wellcome to Zhetysu» яғни «Жетісуға қош келдіңіз» атты толықметражды көркем фильм түсірілімі басталды. Жер жаннаты - Жетісудың табиғаты мен тарихынан сыр шертетін туынды қызықты оқиға жанрында өрбімек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кейіпкерлер жолда жүріп, өңірдің табиғатына тамсанып, түрлі оқиғаларға тап болады. Фильм Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынды.
«Басты мақсатымыз - Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында дәстүрімізді, тарихымызды ала отырып, жаңа форматта біздің көрермендерімізге көрсету. Және де сыртқы және ішкі туризмді дамыту, біздің өнерімізді биік-биік белестерге көтеру, насихаттау», - дейді сценарий авторы Әділет Жұмабек.
Кино авторлары бұл туындымен негізінен жастар аудиториясын қамтымақ. Айта кету керек, «Wellcome to Zhetysu» толықметражды көркем фильмін Алматы облысының ішкі саясат және жастар саясаты мәселелері басқармалары бірігіп қолға алып отыр.