Алматы облысында жоғалып кеткен 6 жасар бала аман-есен табылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының құтқарушылары із-түзсіз жоғалған 6 жасар баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«6 маусым күні кешкі сағат 22-лерде Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Ақсу ауданы Ақтоған ауылының маңында 6 жастағы баланың жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. 22 сағат 15 минутта оқиға орнына Ақсу ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушыларынан тұратын жедел топ жіберілді. Әкесінің сөзіне қарағанда, бала 6 маусым күні кешқұрым шаруа қожалығының учаскесінде ойнап жүрген. Ал қараңғы түсісімен бала жоғалып, олар таба алмаған», - делінген баспасөз баянында.
Түнгі іздеу жұмыстарынан нәтиже болмағандықтан қосымша күш тартылған.
«7 маусым күні таңғы сағат 6-лар шамасында іздеуге жергілікті атқарушы орган, АІІБ мен жергілікті тұрғындардан тұратын 84 адам жұмылды. Құтқарушылардың жедел тобы 10 сағат 20 минут өткенде баланы оқиға орнынан 15 шақырым қашықта қалың шалғынның арасынан аман-есен тапты», - деп хабарлады баспасөз қызметі.