Алматы облысында жол жөндеуге бөлінген 93 млн теңгені жымқырғандар сотталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының Қаратал ауданында жолдың бұрынғы басшысы сыбайластарымен 93 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деген айыппен 7 жыл 3 айға сотталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысында жол жөндеуге бөлінген 93 млн теңгені жымқырғандар сотталды

«2021 жылдың 29 маусымы күні Алматы облысы Ескелді аудандық сотының үкімімен келесі тұлғалар кінәлі деп танылып, сотталды: «Қаратал ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Р. Алиянов, (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 369-бабы 1-бөлігі) 7 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру, өмір бойы мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру;

- «Алмаз-М» ЖШС директоры Д. Мусаев (ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы, 385-бабы 1-бөлігі) 7 жылға 3 айға бас бостандығынан айыру;

- Техникалық қадағалау – «Кравинжиниринг» ЖШС В. Крутиков (ҚК 28-бабы, 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) 7 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі деформацияны көрсетіп отыр»,- делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің ресми жариялаған хабарламасында.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, сотталғандар Үштөбе қаласындағы Төле би көшесін күрделі жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырып қалуды көздеген.

«Олар 2018 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығында орындалған жұмыстардың №2 және №3 актілеріне «Қаратал ауданы Үштөбе қаласы Төле би көшесін күрделі жөндеу» объектісі бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүзеге асыру кезінде олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын жалған мәліметтер енгізу арқылы жалпы сомасы 93 111 040 теңгеге бюджет қаражатын жымқырды деп күдік келтірілген»,- деп толықтырды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.