Алматы облысында жүкті әйелге екі операция бір уақытта жасалды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы көпсалалы клиникалық ауруханада 30 жастағы жүкті әйелге екі ота бір сәтте жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аурухананың қабылдау бөліміне оң жақ бетінің аймағында ауырсыну мен қан кетуге байланысты отыз жастағы әйел келіп түсті. Науқастың айтуынша, ол жеке стоматологиялық клиникаға барып, азу тісін жұлдырған. Соның орны жазылмай кайта-қайта қанап, ісік пайда болған.
Науқас жақ-бет хирургиясы бөліміне өте ауыр жағдайда келді. Оның гемоглобині төмендеп, оң жақ беті ісіп, тістің еті қызарып, шамадан тыс мөлшерге ұлғайып кеткен. Сонымен қатар науқас жүктіліктің 37-ші аптасында болды. «Әйелдің жүктілігін ескере отырып, клиника директоры Э.А. Берікова, перзентхана меңгерушісі, гинеколог, медициналық бөлім бойынша орынбасары және жақ-бет хирургиясы бөлімшесінің дәрігерлерінен тұратын шұғыл консилиум жасадық. Консилиум гемоглобиннің сыни деңгейіне және ұзақ уақыт бойы қан жоғалту көлеміне, сондай-ақ жалпы анестезиямен жақ-бет операциясын жүргізуге байланысты науқасқа кесарь тілігі және қан құю операциясын жүргізу туралы шешім қабылдады», - дейді бөлім меңгерушісі Марат Ысқақов.
Ота кезінде тамырлы хирургтар жаппай қан кетуді ескере отырып, сыртқы ұйқы артериясын байлап тастады. Осыдан кейін гематомалар мен сүйек сынықтары алынды. «Хирургиялық араласу кезінде жоғарғы жақ сүйегінің төменгі перфорациясы және жоғарғы жақ остеомиелиті табылды, қорытындысы бойынша 1.6, 1.8 тістер алынып тасталды. Толық операциядан кейін және перфорация жабылғаннан кейін науқастың жағдайын тұрақтандыру үшін реанимация бөліміне ауыстырылды», - деді дәрігер. Дәрігерлердің сөзінше, қазір науқас пен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады. Олар жақын арада үйге шығарылады.