09:23, 25 Қыркүйек 2015 | GMT +5
Алматы облысында жүргізуші жолдың қарсы жолағына шығып, «Скутермен» соқтығысты, оның салдарынан 2 жасөспірім қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көксу аудандық сотында екі жасөспірім қаза тапқан жол-көлік оқиғасына кінәлі А.Орманбетовқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Volkswagen Golf» көлігін алкогольдік мас күйінде жүргізген А.Орманбетов жолдың қарсы жолағына шығып, жасөспірім жүргізіп келе жатқан «Bewheel» маркалы «Скутермен» соқтығысты. Жол апаты салдарынан «Скутердің» жүргізушісі мен жолаушысы Көксу аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
Сот үкімімен А.Орманбетов ҚК-нің 345 бабының 4 бөлімімен (абайсызда екі адамның өліміне соқтырған жол қозғалысы ережесін және көліктік құралды басқару ережесін бұзу) айыпты деп танылды. Оған абақтыда 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы беріліп, 7 жылдық мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.