Алматы облысында журналистер ИИДБ аясында ашылған бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында ашылған және жеке инвестиция негізінде жұмыс жасап отырған Іле ауданындағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Мұралимованың айтуынша, жалпы ауданда Индустрияландыру картасы шеңберінде іске қосылған 13 нысан жұмыс істейді.

Соның ішінде ең ірілері - «Aluminium of Kazakhstan» зауыты, «Бірінші сыра зауыты» ЖШС және «Абди Глобал Фарм».
Бұлар жалпы саны 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті әлі де ұлғайтатын болады. Әкім орынбасарының сөзіне сүйенсек, мемлекет қолдауының нәтижесінде аталған кәсіпорындар қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, қазіргі кезде ауданда жаңа ірі кәсіпорындар салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Журналистер алдымен «Aluminium of Kazakhstan» алюминий профильдерін өндіретін зауытта болды. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған кәсіпорын алюминий профильдерінің 1500-нан астам түрін шығарады. Жылына 1000 тонна дайын өнім өндіреді. Қазіргі кезде шығарылған өнім Қазақстанның барлық аймақтарына жөнелтілуде, алдағы уақытта Еуропа мен Ресейге экспорттау жоспарланып отыр.

Зауытта жас мамандар өте көп екенін атап өту керек. Солардың бірі электрик мамандығын алған Нұрлан зауыт алғаш ашылған сәттен бері 1 жарым жыл көлемінде жұмыс істеп жүр. Ол электрмен жұмыс істеуді зауытта 2 ай ішінде меңгеріп алды. 20 жасар жігіт заманауи құрылғылардың арқасында кәсіпорындағы жұмыстың дені автоматтандырылғанын, бұл жұмысты едәуір жеңілдіп отырғанын алға тартты.
Ораушы болып жұмыс істейтін Балауса Құдайбергенова зауытта он бір айдан бері жұмыс істейді. Ол ауылдық жерде осындай іргелі зауыттың ашылғанының нәтижесінде өзі секілді бірнеше ауылдасы зауытқа жұмысқа кіргенін айтты.

- Бізде зауытта жас мамандар өте көп. Елімізде еңбек еткісі келген әрбір адам екі қолға бір жұмыс таба алады. Ең бастысы - талап пен талпыныс болса жеткілікті, оған қоса қалаған уақытта біліктілігіңді ауыстыруға мүмкіндігің бар. Бұл қазір басқа кәсіпорындармен қатар біздің зауытта да қолданыла бастады, - дейді Б. Құдайбергенова.

Мұнан соң тілшілер «Бірінші сыра зауыты» ЖШС жұмысымен танысты. Зауыт директоры Александр Оловягиннің сөзіне сүйенсек, зауыт 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпкердің жеке инвестициясын салуы негізінде жұмыс істеп тұрған кәсіпорын германиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Алдағы уақытта түрлі тәтті шырындар шығаруды, соған орай қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Бұл жерде де жас мамандар Қанат Жаматдинов пен Айгерім Ақжігітова тілшілермен пікір бөлісті. Қанат зауытта 3 жылдан бері оператор қызметін атқарса, Айгерім - инженер-химик. Оларға тәжірибелі мамандар өз білгендерін жалықпай үйретіп, маман ретінде шыңдалуына септессе, зауыт тарапынан жұмысқа қажетті қолайлы жағдайлардың барлығы жасалған.. Жас мамандар кәсіпорынның іргесі кеңейтіліп, күні ертең ауылдық елді мекен тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ұсынатынына сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар