Алматы облысында жыл басынан бері 9 адам суға кетті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында жыл басынан бері 9 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның төртеуі - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы жағдайлар көбіне құтқарушылары жоқ, шомылуға жағдайы қарастырылмаған өзен-көлдерде болған. Осыған байланысты Алматы облыстық ТЖД қызметкерлері Талдықорғанда «Суда абай болыңыз! Балаларды қараусыз қалдырмаңыз!» акциясын өткізіп, тұрғындармен түсініктеме жұмыстарын жүргізді.
"Көріп тұрғандарыңыздай жасөспірімдер, балалар суға шомылып жатыр. Сұрасам 6, 9, 13 жастағылар, үлкендердің қарауынсыз жүр. Балалар батып кетуі мүмкін. Қайғылы жағдай болмас үшін оларды суға түсуге үлкендердің қарауынсыз жібермеулеріңізді сұраймыз", - дейді облыстық ТЖД жедел құтқару қызметінің бас құтқарушысы Сырым Дайырбаев.
Мамандардың айтуынша, суда болатын өлім жағдайларының 70% алкогольді ішімдік себеп. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың 98 % арнайы жабдықталмаған немесе тыйым салынған жерлерде суға түсуден болады. Құтқарушылар жағажайда да қауіпсіздік ережелерін ұмытпаған жөн деп кеңес беріп отыр.