Алматы облысында жыл басынан ішімдік ішіп көлік басқарғандар саны күрт төмендеді - ІІБ

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ағымдағы жылдың басынан бері спирттік ішімдік ішіп автокөлік тізгініне отыратындар саны күрт төмендеген. Бұл туралы облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Алматы облысында жыл басынан ішімдік ішіп көлік басқарғандар саны күрт төмендеді - ІІБ

«2017 жылдың қаңтар айында автокөлік құралын ішімдік ішіп, не болмаса есірткіге еліккен күйде басқарған 129 жүргізуші ұсталды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық төмен. Салыстырмалы түрде айта кетсек, былтыр осы кезеңде «ішімдік ішіп көлік жүргізгендер» саны 240 адам болатын», - деді Алматы облысы ІІБ өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Оның айтуынша, ішімдікке сылқия тойған жүргізушілерді ұстаудың бес фактісі бойынша іс сот органдарында қаралып, құқық бұзған ондай тұлғалар бірден әкімшілік қамауға да алынған.

Еске салсақ, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608 бабына сәйкес, ішімдік ішіп көлік жүргізген тұлғалар 3 жылға дейін автокөлік жүргізу құқығынан айырылады. Ал мас күйінде салдары ауыр әрекеттер жасаған жүргізушіні ондай құқықтан айыру мерзімі де жоғарылай береді.