Алматы облысындағы апатқа он жыл: Қызылағаштықтар халықтың жақсылығын ұмытпайды

Сол жылы наурыз айының алғашқы он күндігінде күн күрт жылынып, қар аралас жаңбыр жауып, Алматы облысы аумағындағы суқоймалардағы су шекті мөлшерден аса бастайды. 11 наурызда Қызылағаш өзенінде орналасқан су қоймасының арнасы да толып, 42 млн текше метр су жиналады. Бөгет шыдас бермей түнгі 12-лер шамасында су бөгеті жарылып, қалың су өзен арнасымен ауылға қарай тап береді. Жергілікті билік, тәртіп сақшылары тұрғындардың басым бөлігін ескертіп, қауіпсіз жерге шығарып үлгереді.
«Алайда естімей қалған, қауіпті жағдайға сеніңкіремеген жандар су тасқыны кезінде шығып үлгермеді», деп еске алады ауыл тұрғындары. Алтынгүл Бәбекейдің сол кезде аяғы ауыр еді. Апат болған кезде ай-күні жақындаған келіншек бала-шағасымен жақын жердегі тау бөктеріне әрең шығып үлгереді. «Жылқының кісінегені, қойдың маңырағаны, ешкінің дауыстары Талдықорғанның бер жағына 15 минут ұзаған кезге дейін естіліп тұрды. Соларды мен мәңгі бақи ұмытпаймын», дейді Алтынгүл Бәбекей.
Апаттан аман қалып, Талдықорған қаласында босанған ана ұлының есімін ырымдап Тасқын қояды. Қазіргі таңда бала Тасқын 10 жаста. Ата-анасына қолғанат, сабағында озат. Есімінің тарихы жайында әке-шешесі мен ауылдастарынан әбден қанық бала – «Енді қайтадан ондай су апаты болмасын, еліміз тыныш адамдар тыныш өмір сүрсін» деп тілейді.
Ал қызылағаштық Жанболат Дәукен ауылдан сол кезде отбасымен 12 шақырым жердегі қыстақта мал бағып тұрып жатқан. Туыстары апат болғанын хабарлап үлгереді. Одан кейін ұялы байланыс та істен шығады. Түннің бір уағында су үйіне кіре бастаған. Шопан бала-шағасын алып, моншаның ағаштарына шығып, жан сауғалағанын айтады. «Үйдің артында бір канал болды. Содан өткен кезде машинаның өзі көрінбей кетті судан. Ол кісілер өздері әзер шықты. Машинаға отырғанда есімізді бірақ жинадық шынын айтқанда. Әйтеуір жарық дүние көреді екенбіз ғой, аман қалдық» деп сол сәттерді кеше болғандай еске алып отыр.
Қызылағаштың қызыл суы сол кезде Ақтоған, Егінсу, Молалы елді-мекендеріне дейін жеткен. Жалпы 2010 жылы Алматы облысында бірнеше суқойманың жарылуы қаупі төнген болатын. Ақешкі, Күрті су қоймаларының арнасы толды. Әскери құрылымдар тартылып, суқоймалардың жағасы бекітіліп, өзендерге су молырақ жіберіле бастады. Ал Қазақстан халқы ауызбірлік танытып тұтас бір ауылды жарты жыл ішінде аяғына тұрғызды. Су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек беріліп, төрт түлік малға дейін таратылды. Ауылдың әлеуметтік нысандары қалпына келтіріліп, халық күнделікті тұрмыс-тіршілігіне оралды. Апат куәгерлері осы бір қиын-қыстау кезеңде көмек берген отандастарына алғысы шексіз. 10 жыл өтсе де қызылағаштықтар халықтың жақсылығын ұмытпаған.