Алматы облысындағы әскери бөлімдегі өрт сөндірілді

АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы Іле ауданы Қараой кентіндегі 2466-шы әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасында болған өрт сөндірілді,

Алматы  облысындағы  әскери бөлімдегі  өрт  сөндірілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Атап айтқанда, кеше сағат 14.30-да өрт ошағы ауыздықталып, сағат 17.00-де толық сөндірілді. Өрт сөндіруге жұмылдырылған облыстық және аудандық төтенше жағдайлар қызметтерінің күштері мен техникалары тұрақты орналасу жайларына қайтарылды. Қойма аумағын қадағалау үшін бес адамнан тұратын өрт сөндіру жасағы мен 2466-шы әскери бөлімнің бір техникасы оқиға орнында қалдырылды. Дүйсенбі күні сағат 18.09-да Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің пультіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2466-шы әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасынан өрт шығып, жарылыс болғандығы туралы хабар түскенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Жарылыс салдарынан мерзімді қызметтегі 20 жастағы сарбаз опат болды. Оқтұмсық жарықшақтары шашырауы ықтимал аумақтан 46 отбасы, сондай-ақ әскери бөлімнің аумағынан 120 жауынгер көшірілді. Шекара қызметінің әскери прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодекстің 246-шы бабы 2-тармағы бойынша - қару-жарақтарды, айналадағыларға қауіп төндіретін басқа да құралдарды сақтау ережелерін бұзу факті бойынша - қылмыстық іс қозғап, ол бойынша тексеру жүргізуді Ішкі істер министрлігінің Алматы әскери-тергеу басқармасына міндеттеді. Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуратурасы істің тексерілу барысын айырықша бақылауына алып отыр.