Алматы облысындағы Сақтан ауылының тұрғындары Мемлекет басшысына алғыс айтты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысы Талғар ауданы Сақтан ауылы күре жолдың бойында орналасса да ұзақ жылдар бойы жол мәселесінің күрмеуі шешілмей келіп еді. Ауыл тұрғындарын ең бірінші кезекте дәл осы жол жағдайы жиі алаңдататын. Жылдар бойы «жырға» айналған осы мәселе жақында шешімін тауып, ауыл халқы «көшеміз Алматының арбатындай» деп ризашылығын білдіре бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жергілікті тұрғындар атынан Алима Оспанова да осы игілікті іс үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауылдықтардың алғысын жеткізді.
Алима Оспанова Алматыдан Сақтан ауылына 2017 жылы қоныс аударған екен. Қайнар ауылдық округіне қарайтын Сақтан елді мекені аудан орталығы - Талғар қаласынан солтүстік-батысқа қарай 24 шақырым жерде орналасқан. Күре жолдың бойында, ірі мегаполиске жақын орналасқан шағын ғана елді мекенде жиырма шақты үй бар, жалпы тұратын халық саны 200-ге жуық. Тәуелсіздік алғалы бері ауылдың жолы жөндеу көрмеген. Тұрғындар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының арқасында кетеуі кеткен ауылымыз қайта жанданды деп санайды.

«Біздің бұл ауылға қоныс аударғанымызға алты жыл болды. Содан бері осы жол мәселесін жыл сайын айтып келеміз. 2019 жылы ауыл тұрығындары атынан облыс әкіміне жолды жөндеу туралы хат жолдаған едік. Көп ұзамай жауабымызды алдық. Онда қаржы бөлінетіні тұралы айтылған. Алайда, сол кездегі коронавирус пандемиясына байланысты карантин басталды, одан кейінгі жылдары облысымыз екіге бөлінді, осылайша көтерген мәселеміз «жабулы қазан» күйінде қалып қойған сыңайлы еді. Сосын биыл тұрғындар жиналып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өтініш хат жолдадық. Көп өткен жоқ, ҚР Президенті Әкімшілігінен жанға жағымды жауап алдық. Ұзамай міне көшелерімізге асфальт төселіп, электр бағаналарымыз жаңарды. Сол үшін де, Мемлекет басшысына өзімнің және тұрғындардың атынан алғысымды білдіріп, рахмет айтқым келеді»,- деді ол.
Оның сөзінше, қазір ауылдың сәні кіріп қалған. Үлкен-кіші де, балалар да осыған аса риза.

«Үш немерем осы ауылда туды. Жол дегенің бір жағынан ауылдың көркі екен ғой. Қазір көшеміз Алматының арбаты сияқты жарқырап тұр. Кешкі уақытта балалар велосипед тебеді, ойнайды. Қарапайым ауыл тұрғындарының өтінішіне назар аударып, туындаған мәселемізді шешіп бергеніне өте ризамыз»,- деді Сақтан ауылының тұрғыны Алима Оспанова.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында дәл осы ауыл жолдары проблемасын көтерген болатын. «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек», деген еді Президент сол Жолдауда.
